Сценарий наурыз мерекесіне арналған
Жүргізуші бала:
Армысыздар, үлкен-кіші ағайын!
Бүгін — Самарқанның көк тасы еріген күн.
Бүгін — Жаңғыру мейрамы!
Бүгін — Жыл басы, Жаңа жыл!
****** Сахна сыртынан шу естіледі***************
Жүргізуші бала:
Бұл не шу?
Бұлар кімдер?
Ә, көріп тұрмын, танып тұрмын.
Анау тұрған Қар екен,
Мынау тұрған Күн екен!
Ендеше, достар, біз қазір бүгінде ұмытыңқырап бара жатқан, жиі айтыла бермейтін, Ақ пен Қараның, Зұлымдық пен Залымдықтың, Жамандық пен Жақсылықтың тартысын суреттейтін Қыс пен Жаздың айтысына куә боламыз.
/Қар мен Күн болып киінген балалар шығады/
Қар:
Қара жерді ақ көрпеге ораған,
Кең даланы боранымен бораған,
Қыс керемет емес пе?
Күн:
Мал төлдеп, адам аузы аққа тиген,
Жер бусанып, мал ауызы көкке тиген,
Жаз керемет емес пе?
Қыс:
Құрт-құмырсқа, бақа-шаян жер бетіне шығатын,
Шыбын-шіркей, маса-қоңыз ызыңдап мазаң алатын,
Жаздың несі керемет?
Күн:
Дүлей боран бораған,
Бетіңді аяз қарыған,
Қыстың несі керемет?
Қыс:
Борандатсам, қырсыздарды сынағаным емес пе?
Қар жауғызсам, жерді көкке дайындағаным емес пе?
Күн /көніп/:
Cиыр кетті,
Барыс жетті,
Бер жолыңды, Қар аға!
Қыс:
Жолымды мақұл берейін,
Өз жөніме кетейін!
********************Қыс кетеді*****************
************* аластау рәсімі*************
/жаулық тағынған қыз бала арша жағып/:
Алас, алас,
Мың бір пәледен алас,
Жүз бір қатерден алас,
Көзі жаманның көзінен сақта,
Тілі жаманның тілінен сақта,
Ниеті жаманның ниетінен сақта.
Жер-Ана, күш-қуат бере гөр, тәу-тәу!
Атар таң, ақ ниет бере гөр,тәу-тәу,
Самал жел, жаңа леп бере гөр, тәу-тәу!
******************
Жүргізуші бала:
Ертеде қазақ халқы Наурызға арықтарын тазартып, тал егіп, алдын ала дайындалған. Үлкенді-кішілі той ғұрыптарын Наурызда атап өтуге тырысқан.
Осының бірі — тұсау кесер тойы.
/Үлкендеу балалар ортаға аяғын тәй-тәй басқан 1-1,5 жастағы баланы әкеліп, беліне кішкентай қалта байлайды, оның ішіне тәттілер салып тұрып/:
Беліңе қалта байладым,
Дәулетіңді асырсын,
Ішіне тәтті сайладым,
Қиындықты қашырсын!
/осыдан кейін жиналған жұртқа көрсетіп, баланың аяғына мыналарды байлайды/:
Ішекпен байлағаным — малды болсын, тоқ болсын деген ниетім,
Көк шөппен байлағаным — жершіл болсын, көпшіл болсын, өсіп-өнсін дегенім,
Ала жіппен байлағаным — адал болсын, ақ болсын дегенім.
/тұсауын кеседі, тұсау кескен баланы бір-екі аттам жерге дейін сүйемелдеп барып, еркін жібереді/
Тәй, тәй, тәй, тәй!
Қаз, қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам!
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін!
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе!
****** беліндегі қалтаны шешіп, тәттілерді елге шашумен таратады*******
Тойға шашу шашылсын!
Халқымның нұры тасысын!
**********************шашу**************
Жүргізуші:
Наурызда дүйім жұрт алаңға жиналып, ат жарыстырып, ақындарын айтыстырып, балуандарын күрестіріп, той тойлатып, ойын ойнатып, алтыбақан тебісіп, наурыз көже ішіп, таңды көзбен атырған. Сол түні ғашықтар бір-біріне көңілін білдірген.
Қыз бала ер балаға кесемен тағам ұсынып:
«Ұйқыашар» әзірледім,
Іше ғой, асыл бегім!
Ер бала кеседегіден дәм татып, тамсанып, «селт еткізер» сыйлайды:
Сыйласам қалқашыма «селт еткізер»,
Аңсаған арманыма сол жеткізер!
/екеуі қол ұстасады/
***************************
Барлық қатысушы балалар:
Ұлыс күні қазан болса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар.
************/бата тілейді/***************
Ата болып киінген бала:
Сұрасаң бата берейін,
Ақ тілекті төгейін.
Еліме берсін берекет,
Қашсын сырқат-бәлекет!
Кірсін дәулет есіктен,
Кетсін бейнет тесіктен,
Ескі жылым есірке,
Жаңа жылым жарылқа!
Дастарханың мол болсын!
Абыройың зор болсын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!
Әумин!